Поэзия әлеміне саяхат

16-02-2020

Поэзия әлеміне саяхат

Орыс этномәдени бірлестігінің бастамасымен таңғажайып поэзия кеші өтті. Кеш Александр Сергеевич Пушкиннің шығармашылығына арналды.

Бұл күні Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының ішіне кірген жан, өткен 19 ғасырға саяхаттағандай сезімде болды. Поэзия сүйер қауым классикалық музыка тыңдап, Ұлы ақынның шығармашылығынан үзінді оқыған өнерпаздардың өнерін тамашалады. Ал, классикалық өлеңнің ырғағына билеген жастар көрермендерді баурап алды.

- Біз осындай ауқымды шараның бір бөлігі болуға қуаныштымыз. Бүгінгі әдеби кеш 19 ғасырдың поэзия әлеміне еніп, ұлы ақын Александр Сергеевич Пушкиннің өміріне тереңірек үңілуге мүмкіндік берді. Әрине, Достық үйіне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз, - деді орыс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Вера Правдина.

Әрдайым бір-бірлеріне қолдау көрсететін түрлі этномәдени бірлестік мүшелері бұл күні де құр алақан келмеді. Корей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Юлия Кунст «Научись отпускать людей» атты А.С. Пушкиннің өлеңін нақышына келтіріп оқыды.

Аталған іс-шараны орыс этномәдени бірлестігі Өскемен қаласының «Альфа и Омега» атты православты жастар қозғалысы мен Өскемен және Семей епархиясының жастар бөлімімен бірлесе отырып ұйымдастырды.

Кеш қонақтары қызықты іс-шараға қатысқандарына риза болып, осындай әдеби кештер жалғасын тапса деді.