Отбасы – мемлекет құндылығы

21-02-2020

Отбасы – мемлекет құндылығы

«Отбасы – мемлекет құндылығы» - дәл осындай қағидамен мемлекет саясаты құрылған. Елімізде жалғыз басты аналар, мүмкіндігі шектеулі, не ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ерекше көңіл бөлініп, көмек қолын созады. ШҚО ҚХА Аналар кеңесінің бұл мақсатта атқарып жатқан жұмыстары ауқымды.

Осы орайда ШҚО ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жанна Асқарованың қатысуымен, «Үміт» балалар үйінде Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Бүгінде қоғамда болып жатқан барлық өзгерістерге Аналар кеңесі бейжай қараған емес. Әсіресе, отбасындағы құндылықтарды сақтауда, ұрпақ тәрбиесіндегі аналардың қадір-қасиетін арттыруда кеңестің ықпалы зор. Қазіргі таңда Аналар кеңесі көпбалалы аналарға қолдау білдіріп, олардың қызмет көрсету салаларын меңгеруге ықпал жасауда.

- Балалардан бас тарту санын едәуір қысқарту үшін ерекше бала дүниеге келгеннен кейін немесе өзге де мәселелер туындаған жағдайда әлеуметтік қызметкер мен психолог мамандар анамен жұмыс жүргізуі керек. Олар анада пайда болатын қорқыныш пен сенімсіздікті сейілту мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізуі керек, - деп Өскемен қаласы әкімдігінің «Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығы» КММ директоры, Аналар кеңесінің мүшесі Сәния Әубәкірова ұсыныс білдірді.

Одан бөлек қатысушылар алдағы жұмыстарға ұсыныстар білдіріп, бірқатар міндеттерді құрды. Мемлекеттік және қоғамдық құрылымдармен тығыз байланыс орната отырып, білім беру мекемелерінде бала тәрбиесі, олардың жан-жақты дамуына байланысты практикалық және теориялық көмек көрсету алға қойылды.

Бұған дейінде «Феникс» Даму және бейімделі орталығы» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, көпбалалы аналарға кәсіп бастауына көмек көрсетілген.

Жиын соңында жиналғандар тақырыпқа сай бейнеролик тамашалап, барлық ұсыныстарды саралап, қорытынды жасады.