Абай мұрасы - халық қазынасы

18-02-2020

Абай мұрасы - халық қазынасы

Өскемен қаласы экономика және қаржы колледжінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында «Абай әлеміне саяхат» атты ашық сабақ өтті.

Аталған білім ордасы этномәдени бірлестік мүшелерімен етене жақын қарым-қатынас орнатқан. Олар студенттерге арналған танымдық іс-шараларды бірлесіп ұйымдастырады.

«Абай әлеміне саяхат» атты ашық сабақты белорусь және украин этномәдени бірлестіктері ұйымдастырды. Іс-шараның ерекшелігі Абайдың шығармаларын аталған бірлестік мүшелері төл тілдерінде орындауы. Олар сол арқылы ұлттар арасындағы өзара ынтымақтастық пен сыйластықты көрсетті. Ал жиналған студенттер ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп оқып, белсенділік танытты.

- Бүгін мен алғаш рет беларусь тілін естідім. Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы көп нәрсе білдім. Сонымен қоса, өзім білетін Абай Құнанбаевтың өлеңін жатқа оқыдым. Ашық сабақ маған қатты ұнады, - деп Айым есімді студент өз әсерімен бөлісті.

Ашық сабақта өнер көрсеткен «Барвинок» украин вокалдық ансамблі «Думы мои думы!» атты әндерімен жиналғандардың қошеметіне бөленді. Қатысушылар арасында Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге тәтті сыйлықтар таратылды.

- Менің ойымша осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұру керек. Басқа да этномәдени бірлестіктермен де бірге өткізгіміз келеді. Себебі, танымдық іс-шаралардың жастарға берері көп, - деді беларусь этномәдени бірлестігінің төрайымы Галина Августиновна.

Іс-шарада жастар Ұлы Абайдың бай мұрасымен сусындап, өзге тілде орындалған шығармалары жүректеріне жол тапты.