17-10-2019
Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы ШҚО дін істері басқармасымен бірлесе отырып, «Рухани келісім күнін» кең көлемде атап өтті.
«Рухани келісім күні» еліміздегі әртүрлі ұлттар мен дәстүрлі діндердің арасындағы ауызбіршілік пен татулықтың, тыныштық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен ынтымақтың мерекесі. Осыған орай, Өскеменде рухани ән мен биден шашу шашылып, поэзия кеші өтті. Шараға этномәдени бірлестіктер, басқарма басшылары, еңбек ардагерлері, ақсақалдар мен қала тұрғындары қатысты. Олар мерекелік бағдарламадан рухани азық алып, түрлі ұлттар мен ұлыстардың діні мен ділінен көрініс табатын өнерпаздардың өнерін тамашалады. Шара аясында көрме ұйымдастырылып, құнды жәдігерлер келуші жұрттың назарына ұсынылды. Жәдігерлер ішінде діни кітаптар, Құран-Кәрімнің бірнеше тілге аударылған нұсқалары, алғашқы мұсылман мешіті, көне ғибадатханалардың макеттері болды.
Кеш соңында облыс әкімінің орынбасары өңірде ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген бір топ мемлекеттік қызметшілер мен діни бірлестіктер жетекшілерін марапаттады.
Облыс көлемінде жыл сайын қайырымдылық пен көмекке шақыратын, сыйластық пен бірлікті арттыратын мерекенің маңызы артып, қанатын кеңге жайып келеді.