07-04-2022
Құрметті Ерболат Сәдуақасұлы!
Сізді 80 жас мерейлі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз.
Сіз сексеннің сеңгіріне зор абыроймен, биік беделмен жетіп отырсыз.
Еңбек жолыңызды Ұлан ауданындағы «Қараөзек» совхозында зоотехник ретінде бастап, партия комитетінің хатшысы, совхоз директорының орынбасары, совхоз директоры қызметтерін абыроймен атқардыңыз. 1997 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін қартайдым деп қарап жатпай қаланың қоғамдық-мәдени өміріне белсенді атсалысып келесіз. Шығыс Қазақстан облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі ретіндегі еңбегіңіз елеулі. Қанша жылдан бері Өскемендегі «Достық үйі-Қоғамдық келісім» орталығы жанындағы «Атамұра» ансамбліне жетекшілік жасап келесіз. Қазақстан халқының береке-бірлігі мен татулығын насихаттауды мұрат еткен ансамбль қала мен облыста ғана емес, республикаға танымал. Осы жылдар ішінде мүгедектер үйлерінде, қарттар үйінде, «Уба» санаторийінде, Өскемен қаласының барлық мектептерінде, облыстағы аудандық мәдениет үйлерінде, сондай-ақ Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында 300-ден астам концерт берді. Мұндай концерттер Алтай Республикасының Қосағаш ауданында, Ресей Федерациясының Бердск қаласында, Моңғолия Республикасының Баян – Өлгейінде өткізілді.
Сізге бізбен бірге қоян қолтық жұмыс істеп, «Достық Үйі - Қоғамдық келісім» орталығының дамуына және өркендеуіне үлес қосқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз!
Мерейлі мерейтойыңызда сізге шығармашылық табыс, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілейміз.