Қазақ қол өнерінің шебері - Бақыт Кеңшілік

19-01-2021

Қазақ қол өнерінің шебері - Бақыт Кеңшілік

Достық үйінде қазақ қол өнерінің майталманы, жанашыры, дәстүрлі аспап жасаудың шебері - Бақыт Кеңшілік ағамызбен жүздесіп, сұхбат жүргіздік.
 
Қымбат әрі қатты ағаштарды жонып оны қалыпқа келтіріп, үні мен сазы күмбірлеген аспап шығару әркімнің қолынан келе бермейтін қасиет. Жастайынан осы бір өнерге жаны құмартқан Бақыт ағамыз, бұл шеберліктің қыр-сырын тікелей эфирде оқырмандарымызға айтып берді.

«Тамыры мен тарихы тасқа таңбаланған, қазақ елінің болмысы мен өркениетінің куәгері саналатын, кешегі батыр бабаларымыз бен ақын аталарымыздың серігі болған бұл аспапты әр қазақтың төріне ілу - менің бір арманым», - дейді шебер ағамыз.

Әр өңірден, тіпті алыс шетелден ағаштарды алдырып аспап жасайтын ағамыздың бүгінде тұрақты тұтынушылары да жетерлік. Жасалған аспаптар тұтынушылар көңілдерінен шығатынын шебер қуанышпен айтып жеткізді. Домбыра жасаумен қатар, қобыз, прима қобыз және ат әбзелдерін де қатар жасап жүрген ағамыз келешек жастарға, ұлттық құндылықты сақтап, оны ұрпаққа дәріптеу атадан қалған өсиет екенін тағы бір мәрте айта кетті.