24-03-2022
Әрбір қазақстандықтың жыл сайын асыға күтетін мейрамдарының бірі де бірегейі - әз-Наурыз. Қыраулы қыс кетіп, ағаштар жасыл жапыраққа оранып, жер көктейтін кезеңдегі жақсылықтың, жылулықтың символы болған Наурыз еліміздің түкпір-түкпірінде тойлануда.
Өскемендегі «Достық Үйі – Қоғамдық келісім орталығында» да наурыз мейрамы аталып өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары «Қош келдің, Наурыз!» атты мерекелік концертті, ұлттық ойындар, жәрмеңке, қолөнер көрмесін тамашалап, шығармашылық ұжымдардың өнеріне тәнті болды.
«Наурыз – күн мен түн теңелетін, адамдар жақсылыққа кенелетін ежелден келе жатқан ерекше мейрам. Бұл – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеліп, жан-жануарлар төлдеп, адамзат баласының аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық пен бейбітшілік орнайтын күн. Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» - деді көрермендердің бірі өз тілегін білдіріп.
Мейрамға жиналған көрермендер мен қонақтар наурыз көже, палау, бауырсақ сияқты ұлттық тағамдардан дәм татты. Сонымен қатар, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, оған орталықтың барлық қызметкерлері белсене қатысты.
Ойындарға арналған жүлделерге демеуші болған және жиналған халыққа азық-түлік дорбасын таратқан «Казцинк» компаниясына айтар алғысымыз шексіз!
Наурыз мейрамы халқымызға ырыс-береке, молшылық пен тоқшылық әкелсін. «Достық Үйі – Қоғамдық келісім орталығы» атынан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын деген тілек айтамыз.