Ұлы Жеңістің 76 жылдығы!

09-05-2021

Ұлы Жеңістің 76 жылдығы!

Ұлы Жеңістің мерейлі жетпіс алтыншы көктемі қандай шуақты десеңізші! Жыл сайын мамыр айындағы осы мереке барлығымыз үшін өте маңызды, әрі сондай сағынышты. Майдан кешіп, жырақта жүріп, өлімнің өткір жүзінде етігімен су кешкен ата - бабаларымыздың ерлігімен келген Ұлы Жеңіс  бүгінгі ұрпаққа үлкен абырой. 

Кеңес әскерінің  қайсар ерлігі  ешқашан ұмытылмайды. Жеңісті жақындатқандар қатарында қарапайым жұмысшы халықтың да үлесі зор. Майдан мен тылдың біртұтас қимыл әрекеті Ұлы Жеңісті әкелді. Ер азаматты оқ қинаған, бала - шағаны жоқ қинаған заманның сызы бүгінгі ұрпаққа тарих.

«Жастайынан жылқыға жаны құмар әкем, майдан даласында кавалеристер қатарында болған. Соғыстың сұрапыл өтінде жанкешкен әкем 1943 жылы майдан даласында қаза болды. Әкемнің осы бір қасиеті, осы кездері есімде қалғандықтан мен де жастайымнан асыл тұқымды мал шаруашылықтарында , ауыл өндірістерінде кейіннен Таврия елді мекенінде әкімдік қызметтерде болдым дейді»,-  еңбек - тыл ардагері Старков Лев Васильевич. 

«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы» және «30 игі іс» бастамасының тағы бір ұлағатын көрсету мақсатында Достық үйі Қоғамдық келісім жастары еңбек - тыл ардагерлерін құттықтап шығуды жөн көрді. Тыл ардагерлеріне алғыстарын айтып, сыйлықтарымен бөліскен ұжым жастары мейрам күні бірнеше ардагерлерімізге қуаныш сыйлады.

«Бейбіт заманның ұрпағы болған мына біз, осындай заманды сыйлаған жандарымызға алғыс айтып, мәртебе тұтуға борыштармыз. Олар барда тарих тұтастығы, ел ертеңі өшпейді дейді»,- Достық үйінің белсенді мүшелері.