23-02-2020
Ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының «Видергебурт» неміс мәдени орталығы дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараға неміс этномәдени бірлестігінің мүшелері, шақырылған қонақтар, сонымен қоса Өскемен қаласының №5 орта мектебінің оқушылары қатысты. Жиынды неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Евгений Шумахер құттықтау сөзімен ашты.
Әлем әдебиетінде неміс жазушысы Гете мен Абайдың лирикасын жоғары бағалайды. Өз заманында Абай Гетенің шығармаларын аударып, қазақ әдебиетіне дәріптесе, бүгінгі күні Ұлы қазақ ақынының туындылары неміс тіліне аударылған.
- Биылғы жыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған. Осы орайда, біз, неміс этномәдени бірлестігі ауқымды іс-шарадан тыс қалмадық. «100 жаңа оқулық» жобасы аясында Абай шығармашылығын зерттеп, дөңгелек үстелде өзара пікір алмасуға жиналдық. Абайдың неміс халқының әдебиетіне қосқан үлесін жоғары бағалаймыз, - деді докторант, неміс тілінің оқытушысы Динара Сапарова.
Қатысушылар Абай өлеңдерін жатқа оқып, оның мән-мағынасын талдады. Әсіресе, неміс орталығының белсендісі Лев Фатеевтің өнеріне жиналғандар тәнті болды. Ол әлем әдебиетінің үш алыбы – А. Құнанбаев, М.Лермонтов, И.Гётенің туындыларын ана тілдерінде жатқа оқып, нақышына келтіріп орындады.
- Ақын шығармалары өзара үйлесімді, шебер орындалды. Жалпы, дөңгелек үстелде аға буынмен қоса, жастардың қатысуы дұрыс болды. Жастар рухани сусындап, тың ақпараттар алды. Іс-шара қызықты, әрі танымды өтті, - деп Өскемен қалалық «Шпас» неміс жастар клубының төрағасы Евгений Шрейбер өз әсерімен бөлісті.