28-10-2019
Донор бол – өмір сыйла! Себебі, жердің әрбір үшінші тұрғыны өмірінде бір рет болса да қан донорларына мұқтаж. Күнделікті талай адам апатқа ұшырап, дертке шалдығады. Олар өмір мен өлім арасында күреседі. Донорлық қансыз қыл үстінде жатқан жандардың аман қалуы екіталай...
«Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» Шығыс Қазақстан қан орталығымен бірлесе отырып, «Донор бол – өмір сыйла!» науқанын өткізді. Донор болуға ерікті ретінде этномәдени бірлестік мүшелері, Достық үйі ұжымы мен қала тұрғындары қатысты.
- Донорлық қозғалыс адам тағдырына бей-жай қарамайтын, өзінің қанын тапсыру арқылы өзгенің өмірін сақтап қалуға ынтызар және жақындары мен таныстарын осы іске шақыратын ерікті адамдардың басын қосатын – ізгі іс. Біз ұйымшыл ұжым ретінде ізгі істен шет қалмадық. Аталған іс-шара біздің мекемеде алғаш рет өтіп отыр. Ұжымның бірауыздан донор болуына өз басым қуаныштымын!- деді «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» КММ директоры Элдар Төлеубеков.
Іс-шара барысында барлық қатысушылар алдын-ала тексерістен өтіп, рұқсат берілген жағдайда ғана көп мөлшерде қан тапсырды. Донорларға қан тапсырғаннан соң шәй беріліп, тәттілер үлестірілді.
Жалпы қан тапсыру сауапты іс, әрі оның адам денсаулығына да пайдасы зор. Қан тапсырғанда адамның қан айналу және иммундық жүйесі жасарып, жүрек-қан тамырлары қатерлі ісік ауруларына шалдықпайды. Сондықтан, денсаулығыңызды тексертіп, өзгенің өмірін сақтап қалуға қол ұшын беріңіз!