«Казак» этносының бауырластығы

12-10-2019

«Казак» этносының бауырластығы

Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында казак этномәдени бірлестегінің «Казачье братство» атты облыстық ән фестивалі өтті.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын казак ұлтының мәдениетіне арналған фестивальге Семей, Өскемен, Риддер, Алтай қалаларынан және аудандардан шығармашылық ұжымдар келді. Олар ұлттық әндер мен билерді билеп, жиналғандарға ұлттық мәдени мұраның құндылықтарын көрсетті. Әр ұжымға ұйымдастырушы тараптан сертификат беріліп, алғыс айтылды.

- Облыстық Достық үйінің үлкен қолдауымен казак мәдениетіне арналған 18-ші рет фестивальді ұйымдастырып отыруға мүмкіндік алып отырмыз. Ал 5 жыл бұрын облыстық деңгейде, біз, казактар қауымдастығын нығайту үшін фестивальді «Казачье братство» деп атадық. Шара аясында казак ән мұрасын, оның ішінде әскери әндерді жас ұрпаққа насихаттау, дәріптеу – басты мақсатымыз болды. Міне, алтыншы жыл фестивалімізге келушілер саны артып, казак ұлтының мәдениетіне қызығушылар артып келеді, - дейді Жоғарғы Ертіс орыс-казак қауымдастығының атаманы Виктор Шаронов.

Ән фестиваліне жиналған өнерпаздар ерекше өнер көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Семей қаласынан келген шығармашылық ұжым музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен ұлттық және заманауи әндерді тамаша орындады. Тіпті, концерт аяқталуға шақ қалса да жиналған қауым өнерлеріне тәнті болғаны соншалық, өнерпаздарды жібергісі келмеді.

- Маған казак ән фестивалі қатты ұнады. Өнерпаздар ұлттық салт-дәстүрді музыкалық нөмірлермен жақсы жеткізді. Әншілердің зор дауысы, ұлттық киімдері барлығы тамаша. Көрермендердің көңіл-күйі көтеріңкі, бәрі өнерпаздарды қолдап отырды. Менің ойымша бұл фестиваль облысымыздың мәдени дамуына зор үлес қосуда, - деп фестивальден алған әсерімен қала тұрғыны Наталья Дмитриева бөлісті.

Облыстық деңгейдегі ән фестиваліне арнайы ШҚО бойынша ҚХА хатшылығының бас маманы Татьяна Черненко, Ресей Федерациясының Өскемен қаласындағы Бас консулдығының орынбасары Николай Тищенко келіп, құттықтау сөз айтты. Аталған шара казак этномәдени бірлестігінің ұлттық құндылықтарын дәріптеу мен сақтау мақсатында маңызы зор.