30-09-2019
Өскеменде «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» жанындағы «Толеранттылық мектебі» жастарға арналған семинар-тренинг өткізді. «Мәдениетаралық төзімділік кеңістігін қалыптастыру және жастар арасындағы диалогты дамыту» жобасы аясында жұмыс жүргізетін мектеп, бұл жолы «Қазақстандық қоғамның ашық санасын қалыптастыру процесіндегі жастардың орны» атты тақырыпта өрбіді.
Шараға С. Аманжолов атындағы ШҚМУ, Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ, ҚАЕУ жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Білікті лекторлар мен сарапшылар жиған терген білімдері, тәжірибелерімен бөлісті.
«Бұл жобаның идеясы - студенттермен, оның ішінде шетелдік студенттермен қарым-қатынас орнатуға және ынтымақтастық орнатуға үйрену. Бұл мектеп емес, ең алдымен әртүрлі маңызды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін сұхбат алаңы», - дейді Краснобаева Нелли Леонидовна, тарих ғылымдарының кандидаты, ШҚО ҚХА ҒСТ төрайымы.
Жастар семинар-тренинг барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен толығырақ танысып, тақырыпқа сай «ашық сана» ұғымын егжей-тегжей зерттеп, білімдерін кеңейтті. Сонымен қоса олар мемлекеттік маңызды тақырыптар бойынша пікірталас ұйымдастырып, түрлі салалардағы модернизация туралы ұсыныстар айтты. Өз идеяларын жүзеге асыру мақсатында жеке жоба жасау тапсырылып, жастар еңбектерін қорғады.
«Толеранттылық мектебі» 30 қыркүйектен 1 қазанға дейін созылды. Жастар жаңаша қырынан танылып, топтық жұмыста жаңа достар ғана тауып қойған жоқ, әрі керемет тәжірибе мен білім жинап қайтты.