11-10-2019
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақстанның этникалық топтарының ел тарихы мен мәдени дамуына қосқан үлесі» атты республикалық сұхбат алаңына «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» ұжымы белсене қатысты.
Қазақстан - мәдениеті бай ел. Қазақтың кең даласында ұлы ақын-жазушылар, талантты суретшілер дүниеге келген. Сондықтан атадан балаға мұра болып қалған мәдени құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Мемлекет көпұлтты ел болғаннан кейін түрлі этнос өкілдерінің тарихи-мәдени мұраға қосқан үлестерін де естен шығармауымыз керек. Дәл осы мақсатта аталған шара Қазақстанның түрлі этностарының мәдени, ағартушылық және ғылыми қызметкерлерінің өмірі мен қызметі туралы жалпыұлттық электронды деректер базасын құру жобасын қолға алды. Жобаны жүзеге асыру мақсатында Өскемен, Семей, Павлодар қалаларынан жиналған тарихшылар, этнографтар, әлеуметтанушылар, мұрағат ісі, этносаралық қатынастар саласының мамандарының, этномәдени бірлестік мүшелерінің басын қосып, сұхбат алаңында пікір алмасты. Сонымен қатар ШҚМУ-дың студент журналистері де белсенді қатысып, «Aitay jastary» студиясында мамандардан сұхбат алды.
Диалог алаңы аясында мәліметтер базасына қандай мәліметтер енгізілетіні, сонымен қатар қажетті ақпаратты жылдам іздеу үшін ақпаратты қалай ұйымдастыруға болатындығы талқыланды. Ал, «Достық үйі - қоғамдық келісім орталығы» болса, бұл идеяны толығымен қолдады. Өйткені мәдени байлықты сақтау - Қазақстан халқы Ассамблеясының басты міндеттерінің бірі.
Нәтижесінде мәліметтер базасына әрбір тұлғаның өмірбаянынан: өмір сүру жылдары, отбасы туралы мәліметтер, кәсібі, жетістіктері мен марапаттарын қосуды ұйғарды. Сонымен қатар, белгілі бір адам туралы баяндайтын көркем шығармаларына, ғылыми жұмыстарға және мұрағат материалдарына сілтемелер көрсетіледі. Осындай электрондық дерекқордың арқасында барлық адамдар ұлы адамдармен танысып, олардың өмірі мен жұмысынан ерекше деректерді біле алады.