19-10-2019
Достық үйі – бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың бір-бірінің тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін сыйлап, өзара келісіммен бейбіт өмір сүріп жатқан рухани келісім ортасы. Бұл ортада әр ұлттың дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертер айтулы күндерді бір адамдай жұмыла сән-салтанатты түрде өткізеді. Сондай айтулы күндердің бірі – «Erntedankfest» мерекесін этномәдени бірлестіктер кең көлемде атап өтті.
Неміс халқы ежелден егін шаруашылығымен айналысқаны белгілі. Олардың сенімдері бойынша күзде егін науқаны біткен соң, піскен көкеністер мен жемістер жоғарғы бір күштің берген сыйы деп түсінген. Сол себепті немістер аталған мереке күні ауа-райының қолайлы болып, егіннің көптеп шыққаны мен халықтың тоқ болуына Тәңірге ризашылық білдіріп, алғыс айтқан. Қазан айында барлық халық жиналып, көңіл көтеріп, ұлан-асыр той жасаған.
Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы жанындағы неміс этномәдени бірлестігі күз мерекесін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Мерекелік бағдарлама ұйымдастырып, жиналған қауымға неміс халқының ұлттық құндылықтары мен мәдениетін көрсетті. Шығармашылық ұжымдар ән мен биден шашу шашты. «Табиғат сыйы» атты көрмеде жемістер мен көкеністер қойылып, дәмді тағамдар ұсынылды. Неміс этномәдени бірлестігі мүшелері, әсіресе, жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сусындатуды бірінші орынға қояды. Сол себепті, жас бүлдіршіндер ұлттық нақышта өнер көрсетіп, қойылым да қойды. Олар егін науқанының бітуі мен күздің өнім жинар уақытынан көрініс табатын «Шалқан» ертегісін керемет шеберлікпен ойнады. Көрермендер дән риза болып, жас өнерпаздардың өнеріне тәнті болды.