Есеп беру кеші

23-11-2019

Есеп беру кеші

Қарбаласқа толы жыл да аяқталып, жұмыс қорытындысын берер шақ та туды. Бұл кезде «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» іші ән мен биге бөленіп, мереке-думанға толы болады. Себебі, шығармашылық ұжымдар есеп беру кешін ұйымдастырады. Сондай өнерлі ұжымның бірі – «Барвінок» вокалды ансамблі.

Украин ұлттық әндерін нақышына келтіріп шырқайтын егде жастағы өнерпаздардың тұрақты тыңдармандары да бар. Есеп беру кешінде қала тұрғындарының қарасы көп болды. Олар көтеріңкі көңіл-күймен бірге қосыла ән шырқады. Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Анатолий Костюктың жетекшілігі, әрі сүйемелдеуімен өнер көрсеткен ұжым украиндықтардың тұрмыс-тіршілігінен, аңыз-дастандарынан үзінділер айтты. Әр халық әнін айтпас бұрын, оның шығу тарихымен бөлісті.

Бір шаңырақ астында ауызбіршілікте қызмет ететін ұжымдар бір-бірінің іс-шараларынан әрдайым тыс қалмайды. Бұл жолы да шығармашылық ұжымдар әріптестерін белсенді түрде қолдады. «Непоседы», «Еркетай», «Ақ толқын» балалар би ансамблі жиналғандардың ерекше қошеметіне ие болды.

«Барвінок» ансамблі украин ұлттық құндылықтарын насихаттап жүрген бірден бір ұжым. Олар келешек ұрпақ, жас буынға өз тарихын, дәстүрін ұмытпау мақсатында ерінбей еңбек етуде. Бұл өз кезегінде аймағымыздағы украин ұлысының ұлттық мәдени мұрасын ұлықтауға, басқа ұлттармен ынтымақтастықта өмір сүруіне жол ашады.