23-09-2019
Өскеменде «Қазақстандағы және оған көршілес аймақтардағы этнодемографиялық процестер» атты XVIII Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның салтанатты ашылуы өтті.
Қазақстан Республикасы аумағында тұратын этностардың алуан түрлілігі әлем ғалымдарының қызығушылығын тудырып отыр. Осы орайда Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне көршілес Ресейдің және Қазақстан ғалымдары жиналды.
Шараны құттықтау сөзбен ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген және «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» директоры Элдар Төлеубеков бастады. Конференцияға зерттеушілер, жас ғалымдар қатысты. Олар этнодемографиялық процестер туралы баяндама, зерттеу жұмыстарын ұсынды. Осындай іс-шаралар жаңа зерттеулер арқылы ғылыми белсенділіктің көкжиегін кеңейтуге ықпал етеді, жастарға өздерінің зияткерлік әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған шара қыркүйектің 24-не дейін жалғасын табады.
Атаулы ғылыми іс-шаралар ШҚМУ қабырғасында жиі өтеді және шетел ғалымдарымен тығыз байланыс орнатылған. Іс-шараның нақ Өскеменде өтуі де бекер емес. Себебі Өскемен демографиялық ғылым орталығы екені белгілі. 18 жылға жуық «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» Сәрсен Аманжолов атындағы жоғарғы оқу орнымен тығыз серіктестік байланыста. Осы уақыт аралығында екі мекеменің мұрындық етуімен түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өткен.