«Бабалар мұрасы» облыстық фестивалі

26-10-2019

«Бабалар мұрасы» облыстық фестивалі

Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында «Бабалар мұрасы» атты қазақ халық ауыз әдебиетінің облыстық фестивалі өтті.

Аталған тың жоба біздің заманымызға дейінгі қазақ халқының мәдени мұрасынан сыр шертеді. Қатысушылар тарихқа сапар шегіп, көне ән мен күйге бөленіп, қазақтың тұрмыс-тіршілігімен сусындады. Фестиваль қонақтары тарихқа оралып, ата-бабалар рухына тағзым етті.

Әр өнерпаздың өнері терең мағына ие болды. Көне әндер бабалар даналығын көрсетіп, тарихи оқиғаларды баяндады. Ал домбыраның қоңыр үні тыңдаушылардың жүрегіне жетіп, рухани азық болды. Біздің ата-бабаларымыз мәдени мұраның болашағын ойлап, халық ауыз әдебиеті арқылы жас ұрпаққа мирас қылып қалдырды. Жыраулардың жыры, күй мен ұлттық әндер – бізге жеткен баға жетпес байлық.

Фестиваль аясында ұйымдастырушылар үлкен зерттеу жұмысын жүргізіп, айтылмаған әндер мен ашылмаған тарихи дастандарды ұсынды. Іс-шараға оқушылар мен студенттерді тартып, жас ұрпақ бойына тарихи мұраны дәріптеді. Фестиваль концертте өнерпаздар өнерімен ғана емес, ұлттық киімдердің керемет үлгілерімен көзге түсіп, қала тұрғындарының, әсіресе арнайы келген америкалық профессорды тәнті етті.

- Мен қазақ халқының мәдениетіне тәнті болдым. Керемет ұлттық киімдер мен қазақ халық музыкасы мені жаулап алды, - деп қысқа қайырды өз әсерімен бөліскен Эрик Фридман.

«Бабалар мұрасы» фестивалі аясында түрлі номинациялар бойынша сайыстар ұйымдастырылып, бірнеше күнге созылды. Сайыстардан бөлек қазақ халқының мәдени мұрасы мен өнеріне арналған семинар, лекциялар өтті. Барлығын қорытындылай келе ауқымды фестивальмен нүкте қойылды. Тың іс-шараның жүзеге асуына үлес қосқан азаматтар мен сайыс жеңімпаздары кеш соңында салтанатты түрде марапатталды.