13-10-2019
Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында республикалық деңгейдегі беларусь мәдениетіне арналған «Ад мінулага да сучаснага» атты фестивалі өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар лық толған залды би билеп, ән мен жырға бөледі.
Қазақстан 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан, тұрақтылығы бекем көпұлтты мемлекет. Бір ұлттың екінші бір ұлтты құрмет тұтуы, дос болуы, атаулы күндерін бір адамдай жұмыла қарсы алып, ауызбіршілікте тойлауы – ынтымағы жарасқан елдің шынайы көрінісі. Тарихи тағдыр қосқан беларусь халқы өз салт-дәстүрімен қоса, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын бір отбасындай дәріптейді, құрметтейді. Ал беларусь мәдениеті болса, Қазақстанның тарихи мұрасының бір бөлшегі.
Фестивальге жиналған жұртқа беларусь халқының салт-дәстүрінен сыр шертер қолөнер бұйымдары мен балалардың көркем суреттері қойылған көрме көзайым болды. Қонақжай беларустар мерекелік бағдарламаны бастамас бұрын көрермендерге дәстүр бойынша нан мен тұз ұсынды. Кейін түрлі тарихи кезеңде беларусь халқының басынан кешкен тарихи жолы, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі туралы баян етілді. «Кеңпейіл халықтың – керегесі кең» демекші республикадан жиналған беларусь этносы ұлттық, патриоттық әндер айтып, көңілді билерін билеп, көрермендер ықыласына бөленді. Көп жылдар бойы Павлодар қаласынан келген өнерпаздар Өскемен қаласының «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығымен» тығыз байланыс орнатып келеді. Биыл да аталған шараға үлкен дайындықпен келіп, жарқын да әсерлі музыкалық нөмерлерін ұсынды.
Республикалық беларусь мәдениетіне арналған «Ад мінулага да сучаснага» атты фестивалі керемет өтті. Облыс аудандары мен республикадан келген қатысушылар жаңа достар тауып, тамаша әсер алды. Осындай іс-шаралар әр ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеу, насихаттау үшін беріліп отырған үлкен мүмкіндік.