23-10-2019
Сіз жаңа жұмыс орнын іздеп жүрсіз бе? Өзіңізге лайық жұмысты таппадыңыз ба? Осы және өзге де көпті мазалап жүрген өзекті мәселенің алдын алу мақсатында «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» Өскемен қаласының жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерімен бірлесе отырып, бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Іс-шараға 50-ден астам кәсіпорындар, мекемелер, әртүрлі сала өкілдері қатысты. Келушілер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауап ала білді. Тіпті, қалаған жұмыс орнын тауып, қызметке орналасқандар да болды.
- Жәрмеңкеде мамандығы бойынша жұмыс тауып ғана қоймай, қалаған қызметке өз бейімділігін білу мақсатта арнайы мамандардан диагностика алуға болады. Олар сол мамандыққа даярлайды, біліктілік бойынша оқуға жібереді, - дейді Өскемен қаласының жұмыспен қамту орталығы директоры Айжан Биғалиева.
Жәрмеңкеге бітіруші студенттер келіп, болашақ мамандығына қатысты ақпараттармен қанықты. 100-ге жуық келушілерге 200 жұмыс орны берілді. Жұмыспен қамту орталығы қызметкерлері келушілер тарапынан туындаған барлық сұрақтарға жауап берді.
- Қазір мен жұмыс іздеп жүрмін. Аталған жәрмеңке маған көп көмегін тигізді. Мен бос жұмыс орындарымен таныстым, - деді қала тұрғыны Антон Минаев.
Іс-шарада түрлі бағыттағы мамандықтар ұсынылды. Атап айтқанда сатушы, тәрбиеші, тігінші мен хореографтан бастап, техникалық инженер, механик мамандықтарына дейін. Бос орындар жәрмеңкесі мүмкіндігінше жиі ұйымдастырылып тұрады. Себебі, халықтың әл-ауқатын арттыруға тигізер септігі зор.