Славян халқы қысқа қамдануда

19-08-2019

Славян халқы қысқа қамдануда

Қысқа әлден қамданған славян халқы Риддер қаласындағы бал фестиваліне жиналды. Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған омарташылар өздерінің үздік балдарын ұсынды. Шараға этномәдени бірлестіктер, шығармашылық ансамблдер және қолөнершілер арнайы келді. Басқа аудандардан келген шығармашылық бірлестіктер мерекелік концерт қойып, өнер көрсетті. Қала тұрғындары мен қонақтары балдан дәм татып, қолөнер бұйымдарын тамашалады. Славян халқы «Медовый спас» мерекесін асыға күтеді. Себебі бұл күні шіркеуге құлшылық етіп, қыстан аман шығу үшін отбасының тілеуін тілейді және 2 апта ауыз бекітеді. «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы» славян халқының салт-дәстүрлерін жаңғыртып, насихаттау мақсатында әр мерекені қалт жібермейді. Бал фестивалі Риддер қаласында үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда және дәстүрге айналмақ.

«Медовый спас» мерекесі жылдағыдай 2 күнге созылады. Славян халқы бұл күндері көңіл көтеріп, кешкі от алауында ойын-сауық ұйымдастырып мерекені аяқтайды.