18-11-2019
Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында палаталармен, медиация орталықтарымен және жоғары оқу орындарымен бірлесіп «Медиацияны қолдану рәсімдері» атты жастар арасында сайыс өтті.
Сайысқа С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің және Қазақстан Американдық еркін университетінің студенттері «Медиация» ұғымы бойынша білім додасында бақ сынады. «Пацифик», «Консенсус», «Фемида» атты топтарға бөлінген жастар алғашқы айналымда бейнесюжет арқылы өздерін таныстырды. Арнайы эмблема жасап, біріңғай киінген топтар келесі сұрақ-жауап сайысында бітімгершілік жайлы білімдерін ортаға салды. Кейін топ басшылары «Медиатор - келіссөздер шебері» атты баяндама оқыды. Соңында әр топ «Жанжал және оның шешімі» тақырыбында А1 форматты қағазға сурет салды. Қатысушылар бұл сайыста топтық жұмыс істеп, өздерінің ауызбіршіліктерін көрсете білді.
Арнайы мамандардан құралған әділқазы алқалары үздіктерді таңдап, сайысқа талдау жасады. Қорытынды бойынша «Пацефик» тобы ұпай саны бойынша суырылып алға шықты. Барлық қатысушыларға қаржылай сыйлықтар беріліп, алғыс хаттармен марапатталды.