Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған квест

23-02-2020

Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған квест

Өткен жексенбі қала жастары үшін шытырманға толы күн болды. Себебі, Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған қызықты, әрі зияткерлік квест-ойынын ұйымдастырды. Квестке ШҚО ҚХА волонтерлері, «Жаңғыру жолы» жастар штабының және қала жастары қатысты.

Қатысушылар 5 топқа бөлініп, логикалық тапсырмаларды орындады. Ребустарды шешіп, Ұлы ақынға қатысты түрлі сұрақтарға жауап берді. Тіпті, ақын шығармашылығынан туындыларды орындап, өнер көрсетті. Сұрақтар арқылы қала көшелерінде жасырылған орындарды іздеді.

- Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығынан берілген қызықты тапсырмалар арқылы өзіме тың ақпараттар аштым. Креативті адамдармен танысып, жаңа достар таптым. Осындай іс-шараның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын! – деп қатысушы Алина Наурызбаева өз әсерімен бөлісті.

Қала бойынша жастар Абайға қатысты орындарға: «Жамбыл саябағына», «Абай ескерткішіне», «А. С. Пушкин атындағы кітапханаға», көпқабатты үйге салынған Абай суретіне, Абай даңғылы мен Михаэлиса көшесінің қиылысына барды. Жасырылынған орындарды тауып, сұрақтардан сүрінбей, алғашқы болып Достық үйіне жеткен топ жеңімпаз атанды. Жүлдегерлер 30, 20, 10 мың қаржылай сыйлыққа ие болды.

- Біз керемет эмоция алдық. Уақытымызды көңілді, әрі белсенді өткіздік. Осындай танымдық іс-шара арқылы қаламыздың тарихын, Абай Құнанбайұлына қатысты деректер, ұлы тұлғалар туралы мол мәліметтер алдық. Топта жұмыла жұмыс істеп, жеңімпаз атанғанымызға қуаныштымыз! – деді жеңімпаз команда.

Болашағын бағамдайтын мемлекет жастарының санасының ояту, білімінің жоғары болуына басты мән береді. Сондықтан жастар арасында осындай танымдық іс-шаралардың ұйымдастырылуы маңызды.