09-03-2020
Шығыс Қазақстан облыстық Татар қоғамдық орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына және татар орталығының 30-жылдығына орай «Татар халық ашлары бик тәмле һәм файдалы» атты дәстүрлі аспаздық шеберлік байқауын өткізді.
Байқаудың мақсаты - дәстүрлі татар асханасын жаңғырту, татар тағамдарының алуан түрлілігін көрсету, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуші үздік шеберлерді анықтау және ынталандыру.
Жыл сайын байқау мықты аспаздардың басын қосып, тағамның түр-түрін ұсынады. Биыл байқауда тіл үйірер 32 тағам түрі болды. Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев бастаған әділқазы алқалары ең үздік тағамды таңдады. Ең үздігін анықтау барысында тағам құрамы, дастарханға берілуі қаралды. Нәтижесінде Тахир Измаиловтың «Зур бәлиш» тағамы үздік деп танылды. Ал жүлделі бірінші орынды Шығыс Қазақстан облыстық Татар қоғамдық орталығының Бородулиха филиалының директоры Тахир Сайфуллиннің «Куллама» тағамы иеленді. Рашид Канаевтың «Балан бәлиш» және Тахир Измаиловтың «Боранара» торты екінші орыннан көрінді. Үшінші орынға Вильнур Вильданованың «Эчпучмак», Идалия Сайфутдинованың «Самса», Галия Абдулкаримованың «Кабак бәлиш» тағамдары ие болды. Тахир Измаиловтың татар халқының қадірлі қонақтарға тарту ететін «Зур бәлиш» тағамына Семей қаласы әкімінің арнайы сыйлығы табысталды. Одан бөлек, барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар таратылды.
Сайыс соңы мерекелік дастархан басындағы лирикалық әуен мен татар ұлттық әнін орындаумен жалғасын тапты. Осылайша шуақты көктемнің жылуын сезінген жиналғандар мәз-мейрам болды.