«Бірлік болмай тірлік болмас»

01-05-2020

«Бірлік болмай тірлік болмас»

 
1 мамыр – еліміздегі ең жарқын және мерейлі мейрамдардың бірі. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше. Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Осының бәрі Елбасының қоғам¬дағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында.
 

Бүгінгі таңда орын алған оқиғаларға байланысты мереке кең көлемде аталып өтпесе де, Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы айтулы мерекені жаңа форматта тойлады. @kogamdykelisim.shko инстаграм парақшасының тікелей эфирінде «Qazaqstan – beibitshilik pen kelisim besigi» атты онлайн-концерт ұйымдастырды.  

Салтанатты шараны ШҚО ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жанна Асқарованың қашықтықтан құттықтау сөзімен бастады. Онлайн-концертте аудандық Достық үйлерінің өнерпаздары да өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Тіпті, Нұр-Сұлтан қаласының этномәдени бірлестіктері қолдау білдіріп, ән шашуларын арнады. Иә, бұл жаңа технологиялардың қарыштап дамығанының дәлелі. Концертті онлайн жүргізген жүргізушілер де өздерін тың бағытта сынап көріп, жоғары дәрежеде мерекені өткізді. 
Алғаш рет айтулы мерекені онлайн тамашалаған көрермендер күмбірлеген күй мен ұлттық әндерді тыңдап, құлақ құрыштарын қандырды. «Вайнах» хореографиялық ансамблінің жарқын биіне тәнті болған көрермендер, ізгі тілектерін жаудырды. 
«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!