Оңтүстік Кореядан келген қонақтар

22-08-2019

Оңтүстік Кореядан келген қонақтар

 

Өскеменде «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» кәріс этномәдени бірлестігі «Қазақстанның кәріс қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірге ұйымдастырған форумы өтуде.

 

«Біздің күшіміз – бірлекте» атауымен өтетін форум бағдарламасы бірнеше күнге жоспарланды. Оңтүстік Кореядан келген мамандармен Қазақстандағы білім, денсаулық сақтау, мәдениет, ауылшаруашылығы салаларын дамытуға бағытталған іс-қимыл стратегиялары талқыланды. Корей мемлекетімен денсаулық сақтау саласында инновациялық әдістемелер туралы тәжірибе алмасу маңызды. Осы орайда қазақстандық мамандар медицина саласындағы жаңғырту идеясын қолдайтындарын білдірді. Сонымен қоса, туризм саласын дамытуға да баса назар аударылды.

Тәуелсіздік жылдарының түрлі кезеңдерінде Қазақстан Корей мемлекетімен ынтымақтастығын арттырып келеді. 2014 жылдан бері екі ел арасында визасыз режим жұмыс істейді. Соның арқасында елге келуші туристердің саны 26 пайызға өскен. Ал Корея мемлекетіне биылғы жылдың өзінде 53 мың қазақстандық барып қайтқан.

Оңтүстік Корея мамандарының Қазақстанға келген мақсаты – инновациялық технологиялардың жаңа мүмкіндіктерімен бөлісу, екі ел арасында серіктестік орнату. Бірнеше күнге созылатын шарада инновациялық технологиялар туралы семинар және кәріс мәдениетінің концерті өтеді. Форумнан бөлек кәріс қонақтарын қызықты ойын-сауық бағдарламасы күтіп тұр. Олар шығыстың шырайлы жерлерімен танысып, табиғат аясында демалады.