Өнегелі отбасылар

14-05-2020

Өнегелі отбасылар

Қазақстан аумағында 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері ынтымақ пен бірлікте тату-тәтті тұрады. Сондықтан елімізде түрлі ұлт өкілдері отбасын құрып, шаңырақ көтеруі таңқаларлық жайт емес. 
Алтай қаласында өзара келісім мен сыйластықта өмір сүріп жатқан интернационалды отбасылар бар. Сондықтан, оқырмандар назарына сондай өнегелі отбасыларды ұсынамыз. 
Тауданбековтар отбасы
Нұржан және Екатерина Тауданбековтар үйде де, түзде де бір-бірінен айырылмай, бірге жүреді. Олар жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейді. Нұржан – фельшер болса, Катя – диспетчер. Үлкен балалары ер жеткен. Кенжелері Аринаны жан-жақты екпінді тәрбиелеп отыр. Отбасы мүшелері салауатты өмір салтын ұстап, спортпен айналысқанды жақсы көреді. Бір-бірлерінің салт-дәстүрлерін сыйлап, отбасында барлық айтулы мерекелерді атап өтеді. 
Калюжиндар отбасы
Бұл жанұя қыз бен ұлды тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы. Олар бір-бірінің мәдениеті мен дәстүрлерін сыйлайды. «Сочельник», «Рождество», «Колядки», «Щедривки», «Пасха», «Троица», «Покров» сияқты барлық дәстүрлі күндерді атап өтеді. Калюжиндар Рождество мерекесін тойлауды ұнатады. Ескі Жаңа жылда көңіл көтереді. Троицада қырыққабат, тұшпара, құймақ пісіреді. Украин ұлттық тағамдарынан «борщты» жиі дайындайды. Немересінің күйеуінің ұлты неміс. Ал апайлы-сіңілдерінің күйеулері қазақ. Барлық туысқандар бір дастарқан басына жиналғанда түрлі ұлттың ұлттық тағамдарын дайындайды. Мысалы, бешбармақ, бауырсақ, варениктар, сало, холодец сияқты тағамдар дастарқан басына міндетті түрде қойылады. 
Бежекеневтер отбасы
Рустам Бежекеновтың ұлты қазақ. Ал, оның жары – Анастасия неміс. Олар 27 жаста. Рафаил және Мелита есімді балалары бар. Отбасы салауатты өмір салтын ұстанады. Фотосурет түсіруге қызығады. Себебі, Анастасия – кәсіби фотограф. Мамандығы ағылшын жіне неміс тілінің мұғалімі. Рустам болса, програмист. 
Кочубаевтар отбасы
Азамат Кочубаев Алтай қаласының жедел жәрдем бөлімінде фельдшер. Спортпен айналысады, балық аулағанды ұнатады. Виктория Кочубаева болса, «Бауржан» ЖШС бухгалтер болып жұмыс істейді. Бос уақытында табиғатта серуендеп, музыка тыңдағанды ұнатады. Олар 2015 жылы танысып, 2017 жылы шаңырақ көтерді. Отбасында қазақтың, орыстың дәстүрлерін бірдей көріп, бірей атап өтеді. Альтаир есімді ұлдары бар. Ол екі тілде емін-еркін сөйлейді. Екі ұлттың да мәдениетін, дәстүрін сыйлайды. 
Интернационалды отбасындағы мүшелердің тілі мен діні бөлек болса да, олар бір шаңырақ астында ынтымақ пен келісімде өмір сүруде.