29-02-2020
Өскеменде славян халқының дәстүрлі «Масленица» мерекесі кең көлемде аталып өтілді. Қала тұрғындары көктемнің алғашқы күнін көтеріңкі көңілмен қарсы алды.
Жиналғандарды арнайы келген қала әкімі Жақсылық Омар құттықтады:
- Барлықтарыңызды Масленица мерекесімен құттықтай отырып, облыстық славян мәдениеті қоғамының жетекшісі Александр Андреевич Яковлевке алғыс білдіргім келеді. Славян халқының дәстүрі мен мәдениетінің жаңғыруына үлес қосып жүрген еңбегі зор. Сонымен қатар, жыл сайын мерекенің ажарын келтіретін Достық үйінің этномәдени бірлестіктері мен шығармашылық ұжымдарына рақмет.
Мереке аясында ұлттық тағамдар мен тұрмыстық заттар қойылған көрме ұсынылды. Қала тұрғындарына мерекенің басты тағамы – құймақтар таратылды. Құймақ – ол күнді бейнелеп, шуақты көктемнің келуін білдіреді.
Қала тұрғындары мерекеге сай ұлттық киімдермен келіп, шығармашылық ұжымдармен қосылып ән шырқады. Көңілді әуенге би билеп, алаң ортасындағы қарақшыны айналды.
- Демалысымды көңілді өткізгеніме қуаныштымын. Мерекеге жиналғандардың қарасы биыл көп. Барлығы асыр-салып көңіл көтерді. Өз басым керемет әсер алдым,- деді қала тұрғыны Мария.
Ұйымдастырушылар жиналғандар арасында «сұрақ-жауап» ойынын өткізіп, Месленица мерекесі туралы сұрақтар қойды. Сонымен қатар, қызықты спорттық ойындар ұйымдастырылып, тұрғындар белсенді қатысты.
Соңында дәстүрлі түрде Масленица қарақшысын жағып, қысты шығарып салды.