Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы

21-01-2020

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы

Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік опера және балет театрында ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының салтанатты ашылуы өтті.

Аталған іс-шараға Шығыс Қазақстаннан бір топ делегация: облыс әкімі Даниал Ахметов бастаған ғылым және шығармашылық зиялылары, қоғам қайраткерлері, Шығыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қатысып қайтты.

Концерттік бағдарламада еліміздің танымал әртістері: Асанәлі Әшімов, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев, Майра Мұхамедқызы өнер көрсетті. Олар Абай өлеңдері мен әндерін нақышына келтіріп орындады. Ал сүйемелдеген оркестр болса, театр ішін ерекше атмосфераға бөледі.

Абай – тұтас бір әлем. Бойына шығармашылыққа деген махаббат, білім мен даналық дарыған бірегей тұлға. Ақын, жазушы, композитор, ойшылдың бай мұрасы қай заманда болмасын, өзінің өзектілігін жоғалтпайтыны сөзсіз.

Шығыс Қазақстанда Абай Құнанбаевтың мерейтойына ерекше көңіл бөлініп, кең көлемде атап өтіледі. Себебі, жерлестері Ұлы Абайды баға жетпес еңбектері үшін құрмет тұтады.

Алда Абайдың мерейтойына арналған қызықты мәдени-танымдық іс-шаралар жоспарлануда. Біздің Instagram парақшамызда осы және де өзге де жаңалықтар жарияланатын болады. Жіберіп алмаңыздар!