Қазақстан халқы асханасы

28-11-2019

Қазақстан халқы асханасы

Әр адам түрлі елдерге саяхаттап, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін танып, әсіресе дәстүрлі асханасынан дәм татқысы келері сөзсіз. «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» шет жаққа шықпай-ақ, ұлт өкілдерінің асханасымен танысуға болатын мүмкіндік жасады.

Алғаш рет «Қазақстан халқы асханасы» деп аталатын сайыс ұйымдастырылып, этномәдени бірлестік мүшелері ұлттық тағамдарын ұсынды. Іс-шараның басты мақсаты – Шығыс Қазақстан жеріндегі халықтардың аспаздық мәдениетін насихаттау болып табылады.

Әділқазы алқалары Достық үйі қызметкерлері болды. Қатысушылар алғашқы кезеңде ұлттық тағамнан дәм татқызып, оның жасалу технологиясын айтты. Бір-біріне ұқсамайтын, тіл үйірер тағамдар қатарында: әзірбайжандардың ұлттық тағамы - «Долма», белорустардың асханасынан котлеттар мен бәліштер, еврейлердің «Фиш» атты балықтары, тіпті, корейлердің диеталық роллдарына дейін болды.

Келесі кезеңде олардың жайған дастархандарына, киім киісіне назар аударылды. Сайыс көрермендері тағамдардан дәм татып, оның шығу тарихы мен жасалу жолдарымен танысты. Қорытындылай келе, әділқазы алқалары ұлт өкілдері асханаларын жоғары деңгейде таныстырды деп, барлығын бөліп-жармай сыйлықтармен марапаттады.