«Хэнд-мэйд» бұйымдары қуантты

05-03-2020

«Хэнд-мэйд» бұйымдары қуантты

«Белая сова» қолөнер шеберлері көп жылдар бойы өскемендіктерді «Хэнд-мэйд» бұйымдары арқылы қуантып келеді. «Хэнд-мейд» - бұл ағылшынша қолөнер дегенді білдіреді.

Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығында шығармашылық бірлестігінің кезекті көрмесі өтті. Қолөнер бұйымдарының түр-түрі: әшекейлер, қолдан жасалған сабындар, ойыншықтар, сәндік-қолданбалы бұйымдар ұсынылды. «Белая сова» шеберлері әрдайым қарапайым заттардан ерекше бүйымдар жасаумен қатар, шеберлік сағаттары, қызықты сайыстары және әдемі фото аймақтарымен ерекшеленеді.

- Біздің шығармашылық отбасымыз қала тұрғындарына жағымды эмоциялар мен ұмытылмас әсер сыйлап, өз жұмыстары арқылы жанының бір бөлігімен бөліседі. Тіпті, келушілерге креативті бүйымдар жасауды үйретіп, шеберлік сағатын ұйымдастырады. Біз осындай тамаша көрмені өткізуге мүмкіндік беріп отырған Достық үйіне алғыс білдіреміз, - дейді бірлестік төрайымы Диана Мирошникова.

Жиналғандар шуақты көктемнің атмосферасына еніп, уақытты өте көңілді өткізді. Себебі, көрме көктем мерекелеріне арналды. Әсіресе, әйелдер қауымы сән мен сұлулыққа арналған бұйымдар мен фото аймаққа тәнті болып, сұлулық әлеміне бойлап, өздерін сән бикешіндей сезінді.

Көрмеге қатысушылар сайыс пен шеберлік сағатына қатысып, ең белсенділер сыйлықтарға ие болды. Ал әуезді ән мен мың бұралған бишілердің өнері көктемгі көңіл-күй сыйлады. Демалыс күндерін пайдалы, әрі қызықты өткізген келушілер ұйымдастырушыларға риза болды.