Сактансак – сакталамыз

10-04-2020

Сактансак – сакталамыз

«Көргеніңнен - көрмегенің көп», - деген қазақ халқының данагөйлікпен айтқанын бүгін бастан кешіріп отырмыз. Жасымыз 80-нен асып селкілдемей, сергелденге салынбай, әдемі қартайып, бала – шағамыздың ортасында, көңіл – күйіміз жайлы, ертеңгі күнімізге үкілі үмітпен өмір сүріп жатқан едік.

Қазір, жиырма бірінші ғасырдың басында, дүниежүзін дүрліктірген коронавирус деген жаһандық індеттің сөзбен жеткісіз зардабын естіп-көруге тағдыр жазуы әкеліп отыр. Бұл әлем халқының басына түскен үлкен сын. «Жұрт - жеті ағайынды», - дегендей, бұл көзге көрінбейтін қаһарлы жаумен күрес – экономикалық, әлеуметтік, рухани қиыншылықтар туғызып отыр.

Президентіміз Қасым – Жомарт Тоқаевтың коронавирус індетіне байланысты Қазақстан халқына жасаған үндеуі мен кешегі мәлімдемесін, алдымен үйде отырған біздер – қариялар бір – бірімізбен шұғыл хабарласып, мұқият тыңдап, сыр шерттік.

Өткен тарих ғасырларындағы бабаларымыздың бастан кешіргендерін айтпай-ақ, біздер – қариялар өз бастарымыздан өткізген, екі дәуірдің де талай қыран – кесті оқиғаларын, жан түршіктірер жауыздықты, табиғаттың жайсыз тылсым күштерінің салдарын, неше түрлі аурулардың зардаптарын кешкендердің күйзелістерін көріп келдік. Сондықтан, ұлтымыздың тарихындағы небір сынақ пен толқуды жұртшылықтың ұйымшылдыққа, бірлікке, жауапкершілікке ұйыған кездерін, сәттерін бүгінгі ұрпақ есіне салу – алдыңғы ағайын баршамыздың борышымыз.

Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев: «Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет» деп айта келе, карантиндік шаралардың орындалуына, қоғамдық тәртіптің қатаң сақталуына баса наза аударды. Президентіміз халық денсаулығын қорғауға ерекше маңыз бере отырып, шектеу шараларына байланысты туындайтын көптеген әлеуметтік мәселелер шешу үшін нақты іс – қимылдар жасап жатыр. Оның бәрін ақпарат құралдарынан, баспа беттерінен, теледидардан жиі естіп, көрудеміз.

Ұрпақтарымыз коронавирустің қарттарға өте қауіпті деп, үйдегі ата – аналарын аяласа, біздер қариялар оларға санитарлық – сақтық талаптарын орындауын айтып қана қоймай, бақылау жасаудамыз. Үйдегі шөберелерімізді алдымызға алып мәпелесек, оқушы жеткіншектерімізідің қашықтықтан білім алуға қабілетіміз жеткенше көмектесеміз. Бірақ та, бүгінгі ата – аналар, немере – шөберелерімен бірге тұрып жатқан, жоқ қой. Сөйтсе де, олармен ұялы телефонымен бейне – байланыс жасап, әртүрлі мүмкіндіктерімізді пайдаланып, осы қиын – қыстау кезеңде үйден шықпай-ақ, үлкен – кішіміз бір – бірімізге дәнекер – қамқоршы болғанымыз өте қажет.

Санитарлық шараларды бекем сақтап, пәтерімізді тұрақты желдетіп, жастарымызға қарамай, әртүрлі жеңіл жаттығулар жасап, дене шынықтырумен шұғылдануымыз керек.

Осы арада, коронавируспен күрестің алғы шебіндегі дәрігерлерге, құқық қорғау және басқа қызметтегі мамандарға материалдық ынталандыру шараларын қарастырған әділетті деп ойлаймын. Емделіп шыққан адамдарды ажал аузынан аман алып шығуға айтарлықтай ат салысқан дәрігерлердің атын атап, құрметтесек – жақсылардың нұры тасыр еді. Оларды халық білсін. Мұның өзі болашақ ұрпақтың бойына білімге, мамандыққа, адамгершілік – жанашырлық сезімдерін сіңірер еді.

Қорыта айтқанда, қаншама ұлт пен ұлыс жер бетінен жойылып кеткенде, қазақ халқы ақылы мен намысын алға салып, жамандықты - амандыққа жеңгізген. Жоғарыда айтылғандай, ата – бабаларымыз бұдан да қиын, күрделі кезеңдерді бастан өткеріп, ұлан –байтақ жерді де, елді де шашбауын шығармай ұрпағына аманаттаған.

Бұл қиындықтардан да өтерміз. Бүгінгі қазағымыздың көзі ашық, білімділігіміз бар, тек мінезділігімізді жетілдіріп, береке – бірлікпен, сабырлылық – тәртіптілікпен, татулық – тұтастық көрсетсек, бұл қауіпті індетті де жұмыла жеңіп, сақтансақ – сақталамыз дегім келеді.

Сайлаухан Аухадиев, Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қаланың және ауданның Құрметті азаматы.