Қазақстан халқы Ассамблеясы табысының құпиясы

30-03-2020

Қазақстан халқы Ассамблеясы табысының құпиясы

25 жыл бұрын Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, елдегі ұлтаралық қатынастардың іргетасын қалады. Тұңғыш Президенттің бастамасымен 1995 жылы 1 наурызда «Қазақстан халхы Ассамблеясы» атты мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган құрылады. Оның міндеттерін айқындап алу үшін, сессия өткізіледі. Кейін аталған сессия дәстүрге айналып, жыл сайын ұйымдастырылады.

Ассамблеяның алғашқы сессиясына әр облыстан ашылған кіші ассамблеядан 260 делегат қатысты. Сессия «Ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісім үшін» атты атаумен 1995 жылы 24 наурызда Алматы қаласында өткізілді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан түрлі қиындықтарды халықтың бірлігі мен ынтымағы арқасында еңсерді. Көпұлтты мемлекетімізде әр ұлттың мәдениеті мен дәстүрі ерекше құрметтеліп, ұлттық мерекелері мемлекет көлемінде тойланады. Соның бірі – «Наурыз» жалпыұлттық мереке ретінде ауқымды тойланады. Одан бөлек дүнген, татар, күрд, әзірбайжан, т.б ұлттардың мерекелері де бар. Сонымен қатар, неміс, корей, ұйғыр және басқа ұлттардың мәдениетіне арналған фестивальдер ұйымдастырылады. Әр облыста Достық үйлері ашылып, түрлі ұлт өкілдері мәдениетін жаңғыртуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен ашылған барлық орталықтар республикалық қордан қаржыланады.

1996 жылы 1 мамырда Ассамблеяның ұсынысымен Қазақстан халқының Бірлігі күні аталып өтілді. Бұл мереке елімізде мекен ететін барлық ұлттарды жақындыра түсті.

Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы - Қазақстанның саяси жүйесінің маңызды бөлшегі болып табылады. Ол барлық этностардың мүдделерін топтастырып, азаматтарды ұлтына бөлмей, құқықтары мен бостандықтарының мінсіз сақталуын қамтамасыз етеді.

ҚХА-ның табысқа жетуінің құпиясы ең алдымен Ассамблеяның бағытын мүлтіксіз ұстанған қазақстандықтардың арқасы. Бүгінгі таңда әлем жаңа сын-қатерді тастағанда, біз бірлігімізді бекем ұстап, барлық кедергілерді еңсеруге тиіспіз.