Терендез мерекесі

16-02-2020

Терендез мерекесі

Армян этномәдени бірлестігі «Терендез» ұлттық мерекесін атап өтті.

Жыл сайын көктем келер шақта армяндар өздерінің ұлттық мейрамы “Терендез” мерекесін атап өтеді, бұл мейрам ежелгі отқа табынушылықпен байланысты. Бастапқыда мереке «Дерендез» деп аталған, оның мағынасы “Үйіңіздің алдындағы үйіліп жатқан шалғын шөп” деген мағынаны білдірген, яғни, үй иелеріне молшылық, жерге өнімнің бітік шығуын тілейді. «Терендез» мейрамының ең басты ерекшелігі: аулаға от жағылып, ғашықтар сол алаудан қол ұстасып секіреді. Оның мәні араларындағы сезімді нығайту. Ежелгі наным-сенім бойынша алаудың үстінен қолдарын үзбей секірген жұптың арасында ұрыс-керіс, отбасында түсініспеушілік орын алмайды.

Бұл күні Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының алды той-думанға айналды. Армян халқының тіл үйірер тағамдары, ұлттық киім киген бойжеткендері мерекенің ажарын келтірді.

Терендез мерекесін қызықтауға қала тұрғындары көп жиналды. Олар «Арарат» ұжымының өнерпаздарының өнерін тамашалады. Көрермендерді алау жанында билеген «Карно кочари» биі ерекше тәнті етті. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жанна Асқарова мерекеге арнайы келіп, жиналғандарға ізгі тілегін білдірді.

Соңында мерекені тамашалаған барлық жұрт ақ дастарханнан дәм татып, мәз-мейрам болды.