01-03-2020
Көктемнің алғашқы күні мемлекеттік маңызы бар айтулы күн болып табылады. Дәл осы күні қазақстандықтар Алғыс айту күнін тойлатады. Сонымен қатар, 1-наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, биыл 25 жылдық мерейтойын атап өтеді.
Осыған орай, Өскемендегі алғашқы Достық үйі ғимаратына мемориалдық тақта ілініп, салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараға этномәдени бірлестіктер, құрметті азаматтар мен қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Салтанатты жиында Республика бойынша ашылған алғашқы Достық үйінің тарихы баяндалып, естеліктер айтылды.
- Мен үшін осы айтулы іс-шараға қатысу маңызды. Себебі, 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің қаламызда алғашқы Достық үйін ашқанына куә болдым. Жалпыұлттық Алғыс айту мерекесінде мемориалдық тақтаның ашылу салтаны өтуі – мағыналық жағынан мәні бар. Бұл ұлттар арасындағы басты құндылықтар: мейірімділік, достық, қайырымдылық, бірлік пен келісімді бейнелейтін басты нышан болып қалады, - деді Өскемен қаласының құрметті азаматы Лео Шик.
Мемориалдық тақтаны салтанатты түрде Өскемен қаласы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев пен Шығыс Қазақстан облысы шешен және ингуш халықтарының «Вайнах» қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Татьяна Кагерманова ашты.
Соңында жиналғандар «Рахмет саған, Туған ел» әнін қосыла шырқап, тарихи сәттің бір мүшесі болғандарына мәз-мейрам болды.