Кеңпейіл халықтың – керегесі кең

11-10-2019

Кеңпейіл халықтың – керегесі кең

«Елтан» республикалық туристік-өлкетану экспедициясының қарағандылық қатысушылары Шығыс Қазақстанға келді. Аталған жобаның мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің бірегей тарихи және мәдени мұрасы шоғырланған көрікті жерлеріне жастардың қызығушылықтарын арттыру.

Шығыс Қазақстан облысының мәдени орталығы Семей қаласына жиналған екі өңір этносаралық, конфессияаралық келісімді нығайту, аймақаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ, Қазақстанның киелі жерлерін сақтау және оларды дәріптеудің маңыздылығы туралы мәселелер талқылады. Отырысқа ҚХА өкілдері, қоғамдық белсенділер, ақындар, жазушылар, журналистер және ұлттық байлықты сақтауға мүдделі басқа да адамдар қатысты.

Қарағандыдан келген қонақтар келіссөзден кейін Абайдың туған жері – Жидебайға аттанды. Олар киелі аймақтың қасиетті, әрі көрікті жерлерін араламақ. Бұған дейін «Елтан» республикалық туристік-өлкетану экспедициясымен Павлодар облысына сапар шексе, енді шырайлы шығыстың аңызға айналған жерлерімен танысады.