Өскемен – достық мекені!

13-09-2019

Өскемен – достық мекені!

Өскемен - тарихы тереңде жатқан қала. Оның қалыптасу кезеңі кішігірім өлкеденбастап, үлкен өнеркәсіптік кешенге дейін созылып жатыр. Бүгінде шырайлы шығыстың орталығына айналған қала өзінің әсем табиғатымен және тарихи мұрасымен көз қуантады.

Биыл шаһарға 299 жыл толып, айтулы күнді кең көлемде атап өтті. Бірнеше күнге созылған мерекелік бағдарламадан «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» да тыс қалмады. Этномәдени бірлестік мүшелері, шығармашылық ұжымдар тамаша өнер көрсетіп, көрермендердің көзайымына айналды. Түрлі ұлт өкілдері туған жерге деген ыстық лебізін білдіріп, патриоттық ән шырқады.

Достық үйінің алды керемет той-думанға ұласты. Қала әкімі Жақсылық Омар арнайы келіп, барлық қала тұрғындарын айтулы мерекемен шын жүректен құттықтады. Мерекелік концерттен бөлек жас фотографтардың «Өскемен – достық мекені», суретшілердің «Қазіргі заман өнер туындылары» атты көрмелері ұйымдастырылды.

Қаланың кішкентай тұрғындары арасында суреттер бәйгесі өтті. Талантты қолөнершілер қолөнер бұйымдарын ұсынып, тұрғындар тарапынан қолдау тапты. Қала күніне орай ұйымдастырған «Сүйікті қалам – Өскемен» онлайн-байқауының жеңімпаздары мадақтама қағаздармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Әзірбайжан этномәдени бірлестігі қала тұрғындарына ұлттық тағамнан дәм татқызды. Тіл үйірер палаудан ауыз тиген тұрғындар «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» ұйымдастырған мерекелік бағдарламасынан керемет әсер алып қайтты. Барлығы көңіл көтеріп, мәз-мейрам болды.