14-01-2020
Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы жанындағы еріктілер білім бағыты бойынша «NurOrda» мектеп-лицейіне барып қайтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2020 жыл – Еріктілер жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясының аймақтық Достық үйлерінде «Еріктілер қозғалысы» ашылды. Олар білім, спорт, әлеуметтік және медиация бағыты бойынша қызмет атқарады.
Білім бағыты бойынша еріктілер түрлі тақырыптағы тренингтар мен семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізуді жоспарлауда. Әсіресе мектеп жасындағы балалар мен жастарды шешендік өнер, ерік-жігер, SMM технологиялары туралы қызықты тақырыптарда әңгіме өрбітетін іс-шараларға тарту. Жастар арасында пікірталас сайыстарын өткізіп, олардың интеллектуалды дамуына үлес қосу.
Осы мақсатта еріктілер «NurOrda» мектеп-лицейінің оқушыларымен кездесіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы мен Достық үйіндегі этномәдени бірлестіктердің алуан түрлілігі, олардың қызметі туралы таныстырды. Оқушылар арасында қызықты диалог орнатып, ерік-жігер туралы сұхбаттасты. Олар барлық ақпаратты зейін қойып тыңдап, қызығушылық танытты.
Келешекте еріктілер аталған мектеппен достық қарым-қатынаста жұмыс атқаруға жоспар құрды. «NurOrda» мектеп-лицейінің «Медиа клуб» атты үйірмесіне шеберлік сағат өткізуге шақырту алды. Ал оқушыларды еріктілер Достық үйіне экскурсияға шақырды.