22-11-2019
Сіз өткенге сапар шегіп, ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін көргіңіз келе ме? Киелі жерлердің сырын ашып, тарихпен сусындағыңыз келе ме? Қазақстан халқы Ассамблеясы және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осындай керемет мүмкіндік жасап отыр.
Шығысқазақстандық жастар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Өз өлкеңді таны!» экспедициясына барып, еліміздің көрікті жерлеріне саяхаттады. Атап айтқанда қабырғасы қайғы мен мұңға толы «Алжир» лагеріне, ерте замандағы тұрмыс-тіршіліктің айқын көрінісі «Ботай-Бурабай» мұражайына және Оқжетпес, Жұмбақтас, Абылай хан алаңы сияқты қасиетті жерлерге барды.
Жастар экспедиция барысында білім көкжиегін кеңейтті, киелі жерлердің сырын ашып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Олар аз уақыт ішінде республиканың түкпір-түкпірінен жаңа достар тауып, рухани азық жинап қайтты. Туған өлкенің тарихын, шығу тегін білген жастар аталған іс-шарадан керемет әсер алды.