16-03-2020
Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы жанындағы «Ақниет» вокалдық ансамблінің ақ жаулықты әжелері қазақтың қолөнерін дәріптеп жүр.
Қазақ қолөнерінің қарапайым да қайталанбас түрі – қиыстырып құрақ қию, одан көздің жауын алатындай өте бағалы бұйымдар жасауға болады. Осы орайда "Ақниет" ансамблі аптасына бір рет бас қосып, құрақ көрпе тігуді қолға алды. Мақсаты өскелең ұрпаққа ұмытылып бара жатқан қазақтың дәстүрлерін дәріптеп, жастарды қолөнерге баулу.
Қарасаң - көздің жауын алатын, тұтынсаң - қажетіңді өтейтін бұйымдардың бірі – құрақ көрпе.Сондықтан қазақылықтың қаймағы бұзылмаған «Ақниеттің» әжелері құрақ көрпе тігудің әдіс-тәсілдерін, оның түрлерін кейінгі ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтты.
- «Құрақ көрпе – отбасындағы береке-бірліктің белгісі», - дейді атам қазақ. Құрақ көрпенің мән-мағынасы тереңде жатыр. Жаңадан отау тігіп, үй болып жатқан жастарға қыз жасауымен бірге келеді. Өйткені, құрақ көрпе қиық матадан біріктіріліп тігілетіндектен үй болып жатқан жастарға бір басы екеу, екі басы үшеу болып бір-бірін жеткізіп, үй болып құралып кетсін деген мағынада тігіледі екен. Бұл да бір біздің ерекше көңіл бөлетін салт-дәстүріміз, - деді Гүлшат Смағұлова.
Қолөнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді. Сан алуан түсті маталарды қиыстырып, қиықтарды үйлестіріп, құрақ көрпе жасап, тысын тігетін ісмер апа-әжелер қатары көбейіп келе жатқаны қуантарлық.