Арманға жетелер байқау!

20-08-2019

Арманға жетелер байқау!

«Еркетай» ансамблінің12бишісі жетекшілері Ольга Живоглядовамен және ата-аналарымен Қырғызстанға халықаралық байқауға аттанды. Жыл сайынғы «На волне Иссык-Куля» фестиваль-байқауы кішкентай өнерпаздардың асыға күтетін сайысы. Ыстықкөлдің жағасында жас бишілер 2 ұлттық би билеп, көрермендер қошеметіне бөленді. Алғашқы айналымда қазақтың «Бозынгеніне» бұрала билеген өнерпаздар,келесі кезеңде өзбек халқының биін Өзбекстаннан келген қатысушылардан кем билеген жоқ. Халықаралық байқауға Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан елдерінен келген өнерпаздар 3 жас ерекшелігіне бөлініп, сынға түсті. Шілденің 30-нан тамыздың 6-на дейін созылған фестивальде «Еркетай» ансамблі 2 дәрежелі лауреат атанды.

  • Бізге бұл сапар өте қатты ұнады. Байқауға қатысып, өнер көрсетіп қана қоймай, жақсы демалып қайттық. Ата-аналар бізді қолдап, балаларымен бірге барды. Ыстықкөлдің жағасында өткізген естен кетпес 7 күнде ата-аналар да, балалар да одан әрі тіл табысып, бір отбасындай бір-біріне бауыр басып қалды. Кішкентай бүлдіршіндердің өнерін шыңдау үшін басқа елге баруға мүмкіндік берген Достық үйіне алғыс білдіреміз. Соның арқасында ансамбль Қазақстанның ғана емес, туған қаламыз Өскеменнің намысын шетелде қорғап, үмітті ақтады, - дейді «Еркетай» ансамблінің жетекшісі Ольга Живоглядова.

«Еркетай» хореографиялық ансамблі 2015 жылы құрылды. Ансамбль Достық үйінде 2017 жылдан бері өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда құрамында 18қатысушы бар. Ансамбльді құрудағы негізгі мақсат ұлттық билерді дамыту және құндылықтарын насихаттау. «Еркетай» бишілері түрлі республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, мерекелік концерттерде өнер көрсетеді.