Қазақстан – ортақ үйіміз!

28-02-2020

Қазақстан – ортақ үйіміз!

Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойы аясындағы Алғыс айту күнін шығысқазақстандықтар кең көлемде атап өтті. 
Мерекеде өңірде мекен ететін ұлттардың сәндік-қолданбалы бұйымдары, тұрмыстық заттары мен ұлттық тағамдарының көрмесі қойылды. Сонымен қоса, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған ғылыми еңбектер мен Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған кітап көрмесі ұсынылды. 
Іс-шараға облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы келді. Жиналған қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бірқатар қайраткерлеріне алғыс хат табыстады. Атап айтқанда, Лео Шик, Геннадий Пуссеп, Аяжан Мусин, Күлбаран Етекбаева, Элвин Демирчиев сияқты тұлғалар Шығыс Қазақстан жерінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін марапатталды. 
- Көктемнің алғашқы күні қазақстандықтарды одан әрі жақындыра түседі. Алғыс айту күні – қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі, - деді облыс басшысы.
Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған күн. Сонымен қатар, дәл осы күні Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. 2020 жылы құрылғанына 25 жыл толып отыр. Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарады. 
Айтулы күні этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұжымдар жарқын, әрі кәсіби өнер көрсетіп, жиналғандар түрлі ұлт тарихына сапар шеккендей әсер алды. Құлақ құрышын қандырар ұлттық әндер болса, бірлік пен татулықтың озық үлгісін паш етті.