Борис Щербаковтың мерейтойы

11-10-2019

Борис Щербаковтың мерейтойы

Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында зерттеуші ғалым, белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі – Борис Щербаковтың 80 жылдық мерейтойына орайластырған мерекелік концерт өтті. 
Мерейтойға мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестік мүшелері, шығармашылық ұжымдар, белгілі әншілер, актерлар және қала тұрғындары қатысып, зал лық толы болды. Концертте Борис Васильевичтың шығармаларынан үзінділер оқылып, қойылым қойылды. Жазушының қаламынан 300-ге жуық ғылыми мақалалар мен 35 ғылыми-танымдық, көркем шығармалар жарық көрсе, соның барлығы арнайы ұйымдастырылған көрмеге қойылды. Зерттеуші Қазақстанның түкпір-түкпіріне, Орталық Азияға, Алтайға, Үндістанға, Вьетнам сияқты түрлі елдерге ғылыми экспедиция жасаған. Ол әлемдегі ерекше құстарды зерттеп, ғалымдарға белгісіз түрлерін ашқан. «Жалында» би ансамблі Борис Васильевичқа сыйлық ретінде «Құстар биін» қойып, көрермендердің ризашылығына бөленді. Ал облыстық драма театрының актерлері жазушының «Настенька» шығармасына қойылым қойды.
Мерейтой иесіне Ресейден, Қазақстаннан әріптестері құттықтау тілектерін жолдады. Облыстық әкімдіктен, маслихаттан, қоғамдық кеңестен қызметкерлер келіп, ерең еңбегі үшін алғыс білдірді. Қала әкімі Жақсылық Омар арнайы келіп, ақсақалды құттықтады. Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының директоры Элдар Төлеубеков болса, Борис Щербаковқа Шығыс Қазақстан жерінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, төсбелгі тақты. 
Ғажайып өлке, шырайлы шығыстың келбетін жүрегімен жырлаған Борис Васильевич Щербаковтың керемет талант иесі екені сөзсіз. Оның өмір иірімінің сан тарау тұстарында қызмет етіп, тәжірибе жинақтаған еңбек жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.