
Сайлаухан Аухадиев Күршім ауданында қарапайым отбасында дүниеге келді. Ерте әкесінен жетім қалған ол, жастайынан зерек болып өсті. Анасы бес баланы өсіріп, жеткізуі үшін шаруашылықта тыңбай еңбек етті. Үй шаруашылығы болса, бала Сайлауханның мойнына жүктелді. Артынан ерген бауырларына қамқор бола жүріп, мектепті үздік оқыды. Мектепті алтын медальға бітіріп, Алматыдағы ауылшаруашылық институтына түсті. Қызыл диплом алып, агроном маманы атанды. 23 жасында білдей бір савхоздың агрономы болып қызмет етті. Студенттік кезінен коммунистік партияда белсенділік танытып, кейін совхоз парткомы хатшысының орынбасары болды. 1987 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. 1990 жылдан ауылшаруашылық партиясының хатшысы қызметінде еңбек етті. Қазақстан компартиясының XV,XVI,XVII съездарында делегат болып ұсынылып, алты рет аудандық, төрт рет облыстық халық кеңесінің депутаты болды. «Еңбек Қызыд Ту» орденімен, екі рет «Тыңды игергені үшін» медалімен және қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі көптеген Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталған. Жәмилә деген қас сұлумен шаңырақ көтеріп, үлгілі отбасы атанады. Өрбіген төрт перзенті де тәрбиелі болып ер жетіп, қазіргі таңда сан салада қызмет етіп жүр.
Тоғыз немере мен алты шөберенің қызығын көріп отырған ақсақал, биыл сексенді арқалады. Мерейтойына жиналған әріптестері, жора-жолдастары ақ тілектерін жаудыртты. Үш ауданның «Құрметті азаматы» атанған Сайлаухан Аухадиевке арнайы аудан әкімдері мен мемлекеттік қызметкерлер келіп, алғыс хаттары мен сыйлықтарын табыстады. Қоғамдық кеңестік белсендісі болып, әлі күнге дейін қоғамдық өмірге белсене ат салысып жүрген азаматқа құрмет көрсетіп, қала әкімі Жақсылық Омар, ШҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жанна Асқарова арнайы келді. Ақсақалдар алқасымен кездесіп, мерейтой иесін құттықтады.