5 жылдық мерейтойы

17-11-2019

5 жылдық мерейтойы

Өскемендіктер жексенбі күні мерекелік көңіл-күйге бөленіп, жылы әсер алды. Себебі, «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» жанындағы «Белая сова» шығармашылық бірлестігі 5 жылдық мерейтойын атап өтті.

Салтанатты шараға келушілер жарқын бояуларға қанық шығармашылық атмосфераға еніп, ертегі әлемінде жүргендей болды. Ал, қолөнер шеберлерінің бұйымдары бұл күні ерекше көздің жауын алатындай құлпырып тұрды. Ұйымдастырушылар көрермендер арасында лотерея ойынын өткізіп, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар таратты. Одан бөлек шайдың бірнеше сорттарынан ыстық сусын таратып, дәм татқызды. Ал бірлестіктің символы – үкінің түр-түрін қолөнершілер мерейтойға тарту ретінде жасап, көрменің ажарын одан сайын ашты.

Көрмеден бөлек, мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, жиналғандардың қошеметіне бөленді. Балаларға арнап шеберлік сағаттары, түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Кіреберіске қойылған фото аймақта келушілер суретке естелікке түсті. Демалыс күндерін ерекше өткізген қала тұрғындары көрмеден көтеріңкі көңіл-күймен қайтып, дән риза болды.