25-09-2019
2019 жылғы 23 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында Шығыс Қазақстан облыстық ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Мәжілісте бірінші болып Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттер талқыланды. Жиында сөз алған Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Аухадиев, облыстық қажылар алқасының төрағасы Б. Мүрсалимов, кеңес мүшелері А. Солтанғалиев. Ж. Ашимовтар Жолдаудың ерекшелігіне баса назар аударып, оны толығымен қолдайтындықтарын білдірді. Ақсақалдар кеңесі Жолдауды мақұлдайтындықтарын және оны іске асыруға белсене атсалысуға шешім қабылдады.
Кеңесте сондай-ақ қыркүйек-қазан айларында атқарылатын жұмыстардың ауқымы белгіленді.
Ұлттық құндылықтарды сақтау, ұлтаралық және дінаралық келісімді,
бейбітшілікті дамыту және нығайту секторы Өскемен қаласында, Ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету, жастарға рухани- адамгершілік, еңбек, патриоттық тәрбие беру секторының мүшелелері Глубокое ауданында, Тарихи, мәдени және рухани мұраларды, дәстүрлер мен тілдерді сақтау, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс секторы Ұлан ауданында болып кездесулер өткізуге уағдаласты.
Халықаралық және ұлттық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен, демеушілермен ынтымақтастық, жобаларды қаржыландыру үшін қаражат тарту секторы мүшелеріне 1 қазан мерекесіне орай тиісті ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу жүктелді.
Жиын соңында кеңес мүшелері кеңес мүшесі, ардагер ақсақал, кеңестің бұрынғы төрағасы Жақсылықов Фрунзе Елғазыұлын сексен сегіз жасқа толған туған күнімен құттықтап, иығына шапан жапты. Кеңес төрағасы М.Мұхамеджанов кеңес атынан құттықтау хат тапсырып, «Кеңестің құрметті төрағасы» атағымен марапаттады.