Беловодье - 2010 фестивалі

14-08-2014

Беловодье - 2010 фестивалі

2010 жылдың 5 маусымында Жамбыл атындағы облыстық театрда славян мәдениет қоғамының ұйымдастыруымен кезекті Қазақстан-Ресей «Беловодье» орыс дәстүрлі мәдениетінің IX Халықаралық фестивалінің ашылу салтанаты болып өтті. Фестивальға Қазақстан мен Ресейдің түкпір-түкпірінен көптеген қонақтар келді. Қазақ халқының салты бойынша келген конақтарға ақынның орындауында арнау айтылып, шашу шашып қарсы алды. Сонымен бірге қонақтарға қазақтың қасиетті сусыны, өнебойды сергітетін қымыз ұсынылды. Құттықтау сөзі Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Мұқатайұлы Аязбаевқа берілді. Іс-шараның мақсаты ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрді, ана тілін, ескі сарынды әндерді, ұлттық киімдердің айшықтарын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Беловодье деген сөз Жерұйық деген мағынаны білдіреді. Славян халқы ертеден жері байлыққа толы, кең дархан Жерұйықты іздеген. Олар өз Беловодьелерін үш жүз жыл бұрын қазақ жерінен тапты. Бұл жерде қонақжай, еңбекқор, жері табиғи байлықтарға бай, дос көңілді, бейбітшіл халық өмір сүреді. Беловодье фестивалі, сол Жерұйықты іздеушілердің құрметіне аталған. Шығыс Қазақстан жерінде Қазақстан мен Ресейдің әр жерінен ұлттық костюмде халық билерімен әндерін сүйіп орындайтындар 9-шы рет жиналып отыр. Биылғы жылы фестивальға 28 шығармашылық ұжым атсалысты. Фестивальға келген ансамбльдерді атап өтсек: Новосибир қаласынан «Красота», «Полынь», «Радоница», Барнаул қаласынан «Воля», «Песнохорки», «Улица», Кемерова қаласынан «Любава», Алтай өлкесінен «Былина», Хакасия Республикасы Абакан қаласынан «Золотая нить», Ақмола облысынан «Благовест», «Играй гармонь», Алматыдан «Семиречья» және Шығыс Қазақстан облысының фольклорлық ансамблдері. Фестивальдің 2-ші күні ансамбльдер Предгорное, Таврия, Донское ауылдарына барып концерт берді. Ауыл тұрғындары келген қонақтарды құшақ жая қарсы алды. 3-ші күні облыстық Достық үйінде шығармашылық лаборатория өткізді. Үш күнге созылған фестиваль өз деңгейінде өтті деуге болады.