Өскемен қаласында Қазақстан халқы бірлігі күніне орай «Мен -Қазақстан патриоты» атты дәстүрлі шеру өтті. Мерекелік шеруді сәні мен өрнегі жарасқан ұлттық костюмдер киген Достық үйінің этномәдени бірлестік өкілдері мен Қазақстан Республикасы және Қазақстан халқы Ассамблеясының туларын ұстаған жалаугерлер бастады. Барлық шеруге қатысушылар достық және бірлік жай ғана сөз емес, өмірлік ұстаным екенін көрсетті.
Шеру басында қалалық және Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының шығармашылық ұйымдары дайындаған «Жұлдызды 20 жыл» атты хореографиялық композициясы көрсетілді. Көрермендер алдында Қазақстан халқының достығы мен бірлігін бейнелейтін, жарқын және түрлі-түсті көріністер орын алды. Бейбітшілік символы ретінде, Ассамблеяның 20 жылдығына орай, Ассамблея логотипі аясында 20 көгершін ұшырылды.
Осы күні қала бойынша барлық концерттік алаңдар қызмет көрсетті, бұқаралық мерекелік шаралар түн жарымға дейін созылды. Бұл мерекеде Достық үйі келісім орталығының «Ынтымақ-Содружество» жастар қанаты да шетте қалған жоқ. Олар этномәдени бірлестіктердің жастарымен этноауылда мерекелік шара өткізіп, көрермен қауымға әдемі әндерімен,керемет билерімен көктемгі тамаша көңіл-күй сыйлады. Шара соңында қатысушылар мен көрермендер естелік суреттерге түсті.