19-03-2024
Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қазақстан жастары: болашақ біздің қолымызда!» атты республикалық дебат турнирі басталды. Дебатқа «Үкімет» және «Оппозиция» атты екі фракция қатысуда.
Ашық пікірсайыс турнирі 1-кезең бойынша ата-ана және бала, қоғамдағы бала тәрбиесі, 2-кезеңде жоғары оқу орындарындағы грант және ақылы білім алу мүмкіндіктері туралы тақырыптарды негізге алған. Пікірсайыс орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде ұйымдастырылды.
Ашық пікірсайыс турнирі жастар қатарынан өзінің көзқарасын сауатты және нақты қорғай алатын жас көшбасшыларды тану, оларға қолдау көрсету мақсатында өткізіледі.
«Дебат жастардың ойын еркін жеткізуге, сөздік қорын дамытуға баулиды. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады. Әрине, пікірталас қазіргі қоғамның басты тақырыптарын негізге алған. Дебат қатысушыларына сәттілік тілеймін», - деді Шығыс Қазақстан облысы ҚХА ғылыми-сарапшылық тобының Төрағасы Нелли Краснобаева.
Дебатқа Алматы, Павлодар, Семей және Өскемен қаласының дарынды жастары келіп қатысуда.
«Бүгін дебатқа Алматы қаласынан келіп қатысып жатырмын. Қарсыластарымыз мықты дайындықпен келген, өз пікірлерін дәлел-дәйектер арқылы жеткізіп отыр, осындай пікірсайыс тартыс үшін ұйымдастырушыларға рахмет», - деді қатысушы Жанерке Келгенбай.
Турнирдің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен қатысушыларға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етіледі.