04-04-2022
«Бала тіл – бал», «Балалы үй базар» дейтін дана халқымыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Аялап, ардақтаған. "Арарат" армян мәдени орталығы көп балалы, аз қамтылған отбасылардың балаларына, сондай-ақ Балалар үйлері мен сәбилер үйлері секілді әлеуметтік мекемелерге үнемі көмектеседі.
"Біз жүйелі түрде қайырымдылық акцияларын өткізуге тырысамыз. Қазақстан - біздің екінші Отанымыз. Сондықтан ел игілігіне, жұрт мүддесіне қызмет ету біздің қасиетті парызымыз. Армян этномәдени бірлестігі балаларға арналған әлеуметтік мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Директорлар бізге балаларға не қажет екенін хабарлаған кезде қол ұшын созуға асығамыз» дейді бірлестік төрағасы Анушаван Араевич Степанян.
Айта кету керек, осындай іс-шараларға жастар да белсенді қатысады. Сонымен қатар, жастар қазіргі уақытта көмекке мұқтаж адамдар туралы жиі хабарлайды. Армян "этно-отбасында" игі істер жасау тәжірибесі жеткілікті. Бірлестік мүшелері әр мереке сайын балаларға қуаныш сыйлайды. Жаңа жыл, Құрбан айт, Наурыз, басқа да мерекелер мен салтанаттар – бұл балаларға жақсы көңіл-күй сыйлап, олар үшін ғажайыптар жасаудың таптырмас уақыты деп есептейді іс-шара бастамашылары.
Осы көктемде, Наурыз мейрамына орай қайырымдылық акциясы өткізілді, оның аясында 20 тәрбиеленуші сыйлық ретінде жаңа кроссовкалар мен доптар алды. Спортпен шұғылданып, таза ауада серуендеу үшін бұдан артық не керек?
"Мен көптен бері жаңа кроссовка алуды армандайтынмын. Міне, менің арманым орындалды. Біздің тілегімізді жерде қалдырмаған қайырымды жандарға мың алғыс» деді тәрбиеленушілердің бірі.