Ұлы ақынның рухына тағзым етті

11-02-2021

Ұлы ақынның рухына тағзым етті

Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының ұйымдастырылуымен «Вита Мир» сауда үйінде орыстың Ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің шығармашылығына арналған әдеби кеш өтті.

Орыс этномәдени орталығының мұрындық болуымен өткізіліп жатқан шарада өнерпаздар ақынның әйгілі романдары, ертегілері мен лирикалық өлеңдерінен үзінділерді нақышына келтіріп оқыды. Көрермендер көркемсөз тыңдай отырып, Пушкин заманына саяхаттап келгендей әсер алды.

«Ұлы ақынның қалдырған мұрасы өте бай. Ол түрлі тақырыптарға қалам тербеп, түрлі жанрда жазған біртуар азамат. Әдеби кешті ұйымдастырудағы мақсатымыз, жас ұрпаққа Пушкин шығармаларын насихаттап, ақын рухына тағзым ету», - дейді Орыс этномәдени орталығының төрайымы Вера Правдина.

Кештің ажарын балет мектебінің бишілері түрлендіре түсті. Олар классикалық музыканың ырғағына тербеле билеп, ақын заманындағы мәдениеттен сыр шертті.

«Біз Орыс этномәдени орталығымен тығыз байланыс орнатып, өзара ынтымақтастық қарым-қатынастамыз. Әрдайым бірлесіп, рухани мұраны дәріптеу жолында іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Бүгінгі әдеби кеш жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тілеймін»,-деді Өскемендегі Ресей Бас консулдығының вице-консулы Николай Тищенко.

Айта кету керек, аталған әдеби кеш жыл сайын ұйымдастырылып, дәстүрге айналған.